Батыс Қазақстанда педагогтардың 95,1 пайызы екпемен қамтылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 20 950 педагог жұмыс істейді. Бүгінгі таңда вакцина алуы тиіс мұғалімдердің 95,1 пайызы коронавирус екпесін салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлімдеуінше, білім беру ұйымдарының техникалық қызметкерлерінен 96 пайызы вакцина қабылдаған.

Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, 2021-2022 оқу жылы дәстүрлі сипатта өтетін болғандықтан, білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталатын болады.

Атап айтқанда, күн сайын санитарлық-залалсыздандыру іс-шаралары атқарылып, бір сыныпқа бір кабинет бекітіліп, үзілістер әр түрлі уақытта ұйымдастырылады.

«Мектепке кіреберісте мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерге, ата-аналарға Ashyq қосымшасы қолданылып, білім беру ұйымдары жеке қорғаныс және залалсыздандыру құралдарымен толықтай қамтылады. Ал қауіпті аурулар тобындағы, ата-аналары COVID-19-бен сырқаттанған және науқаспен байланыста болған балалар қашықтан оқытуға ауыстырылады», - деді А.Мыңбаева.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, «Педагог мәртебесі туралы» және «Кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес орта білім беру ұйымдары педагогтерінің бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі 16 сағатқа дейін төмендетілді.

Қазіргі таңдағы аса маңызды мәселенің бірі балалар қауіпсіздігі болғандықтан, барлық мектептер бейнебақылау жүйесімен толықтай қамтылды. Орал және Ақсай қаласында орналасқан 58 мектепте арнаулы күзет енгізу көзделуде. 97 мектепте білім беру орталықтандырылған жедел басқару жүйесіне қосылатын болады.

Тағы бір өзгеріс, 2021-2022 оқу жылынан бастап дене шынықтыру мұғалімдеріне секциялар мен үйірмелер өткізгені үшін қосымша ақы төленеді. Оған республикалық бюджеттен 110 млн теңге қаражат қарастырылды. Осыған орай 3 сағат қосымша сабақтар жүргізіледі.

Өңірде жаңа оқу жылында 372 мемлекеттік мектепте 113 мыңға жуық оқушы, 5 жеке білім ордасында 600-ден астам шәкірт білім алады деп жоспарлануда.



Соңғы жаңалықтар