Батыс Қазақстанда республикалық және облыстық жолдарда қозғалысқа шектеу қойылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық және облыстық жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда республикалық және облыстық жолдарда қозғалысқа шектеу қойылды

«ҚазАвтоЖол» ЖШС БҚО филиалының мәліметі бойынша 22 ақпан күні жергілікті сағат 20.00-ден бастап республикалық маңызы бар Атырау-Орал (492-189 км, Оралдан Атырау облысына дейін), Чапаев-Жалпақтал-Казталов (0-213 км, Чапаевтан Казталовқа дейін), 21.30-дан кейін Орал-Тасқала-РФ шекарасы (Оралдан Ресей шекарасына дейін) жолдарында барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.

Сондай-ақ БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сәйкес сағат 21.00-ден бастап облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын (0-337 км, Чапаевтан Сайқынға дейін), Тасқала-Аққурай-Болашақ-РФ шекарасы (0-157 км, Тасқаладан Ресей шекарасына дейін), Үлкен Шаған-Переметный (0-42 км, Үлкен Шағаннан Переметныйға дейін), Орал-Кирсанов (1-83 км, Оралдан Кирсановқа дейін), Жымпиты-Қаратөбе (0-103, Жымпитыдан Қаратөбеге дейін) жолдары да жабылды.

БҚО ТЖ департаменті жабылу себебі өңірде қалың тұман түсіп, соның салдарынан жолдың көрінуі нашарлағанын, соған байланысты ескерту жарияланғанын жеткізді.

Еске сала кетейік , бұдан бұрын БҚО-да тұманға байланысты бірнеше республикалық жол жабылғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ екі автокөлік соқтығысып, 60 жастағы әйел мерт болды.