Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 8,4 пайызға төмендеді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, коронавирус жұқтыру көрсеткіші 8,4 пайызға (26 науқасқа) төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, соңғы тәулікте 49 адамнан індет табылса, соның 32-сі – ауру белгісі барлар, 17-сі – симптомы жоқтар.
Өткен тәулікте 197 адам жазылып шықты.
Пандемия басталғаннан бері барлығы 39 017 науқас тіркелді.
Биыл 29 796 адамнан індет табылса, соның 650-і өмірден өтті.
Қазіргі кезде 422 адам амбулаторлық ем алуда.
Емханалар жанында 132 жедел бригадалар жұмыс жасауда, олар тәулігіне 700-ден астам шақыртуға шығады.
Өңірде 871 төсектік 16 инфекциялық стационарда 169 науқас емделіп жатса, соның 135-і Орал қаласындағы ауруханаларда. Жансақтау бөлімшесіндегі 17 науқас ауыр халде.
Жыл басынан бері ауырған 2904 баланың 2840-ы жазылып шықты. 64-і емделу үстінде. Төртінші тоқсанда 785 оқушыдан коронавирус анықталды.
Басқарма мәліметіне қарағанда, күні бүгінге дейін 238 466 адам вакцинаның бірінші, 217 144-і екінші компонентімен егілді. Облыс бойынша барлығы 414 389 адам екпеден өтуі тиіс. Орал қаласында 224 092 тұрғынның 123 109-ы бірінші компонентті қабылдады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 238 мыңға жуық адамның коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын жазған болатынбыз.