Батыс Қазақстанда соңғы екі айда 272 адам коронавирустан көз жұмды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 503 адам коронавирустан көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, соның ішінде қаңтар айында – 28, ақпанда – 15, наурызда – 30, сәуірде – 41, мамырда – 57, маусымда – 60, шілдеде – 144, тамызда 128 науқас қайтты.
Соңғы екі айда өмірден өткендер саны 272-ге жетті. Соңғы аптада 22 адам жан тапсырды.
Қазіргі таңда облыста 1459 төсектік 20 инфекциялық стационарда 524 адам емделуде. Соның ішінде жансақтау бөлімшесінде 49 науқас жатыр.
Басқарма мәліметіне қарағанда, індет басталғаннан бері 34 935 адам коронавирус жұқтырды.
Соңғы аптада тіркелген науқастар саны алдыңғымен салыстырғанда, 6 пайызға (52-ге) азайды.
Жыл басынан бері 2112 баладан індет табылса, соның 2040-ы жазылып шықты. 72-сі емделу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда білім беру мекемелелеріне келушілер «Ashyq» қосымшасына сәйкес кіре алатынын жазған болатынбыз.