Батыс Қазақстанда соңғы күндері бірнеше дала өрті орын алып, адамдар зардап шекті

ОРАЛ. 13 тамыз. ҚазАқпарат -  Батыс Қазақстан облысында соңғы күндері бірнеше дала өрті орын алды.

Батыс Қазақстанда соңғы күндері бірнеше дала өрті орын алып, адамдар зардап шекті

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен түскен мәліметке қарағанда, 12 тамыз күні сағат 16.10-да Бөрлі ауданында дала өрті тұтанып, «Тұлпар» шаруа қожалығының тракторы отқа оранды. Қызыл жалын сағат 17.20 шамасында шаруа қожалығы жұмысшыларының көмегімен сөндірілді. Өрт 10 гектар жерді шарпыды. Төтенше жағдайлардың салдарынан екі жұмысшы күйікке шалынып, ауруханаға жеткізілді.

Тасқала ауданының Мереке, Шежін ауылдық округтарының аумағында демалыс күндері далалық өрт болды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметіне қарағанда, қызыл жалын 3 мың гектар жерді шарпыған. 10 тамыз  күні түнгі сағат 2.00-де шамасында басталған қызыл жалын 11 тамыз кешкі сағат 19.00 шамасында ауыздықталды. Далалық өртті сөндіруге аудандық №13 өрт сөндіру бөлімінен бір машина, алты адам, Орал қалалық №15 өрт сөндіру бөлімінен екі машина, 35 адам жұмылдырылды. Сонымен бірге жергілікті тұрғындардан Мереке ауылдық округінен 80 адам, Шежін ауылдық округінен 40 адам өртті ауыздықтауға көмек етті. Тілсіз жаудан бір ауыл тұрғыны зардап шегіп, үшінші дәрежелі күйік шалды. Ол дер кезінде облыстық ауруханаға жіберілді.

Қазіргі уақытта өрттің шығу жағдайы мен келтірілген шығын көлемі анықталу үстінде.

Жаңақала ауданында жыл басынан бері 19 дала өрті тіркеліп, 2122 га жер күлге айналды. 10 тамыз күні соққан дауыл Жаңақаладағы «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығының 15 шаршы метр шатыры мен тағы бірер үйдің төбесін ұшырып әкетті. Сондай-ақ электр желілеріне де зардабын тигізіп, аудан орталығы бірер сағат жарықсыз қалды. Сол күні ойнаған найзағай салдарынан Жаңажол және Жаңақазан ауылдық округтеріндегі 216 га жер отқа оранды. Бұдан бұрын маусым айында тек Пятимар ауылдық округінің 750 га шабындығы мен жайылымы жанып кетті.

Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында 10 тамызда бір тұрғынның шаруашылық құрылыстарында от шығып, 136 шаршы метрді құрайтын 2 жазғы мал орны, 1 жазғы ас ішетін орынның төбесі және қамауда тұрған 3 бас бұзау өртенді. Өрттің себебі, келген шығын мен кінәлілер анықталуда. Бұл ауданда малдың өртке кетуі осымен екінші мәрте орын алып отыр