Батыс Қазақстанда сот моральдық залал ретінде 6 млн. теңге өндірді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тасқала аудандық соты моральдық залал ретінде 6 млн. теңге өндірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, отағасы М. деген азамат ЖШС-да вагоннан жүк түсіруші болып еңбек еткен. Тасқала ауылындағы теміржол тұйығынан вагоннан қиыршық тас түсіріп жатқан кезде М. құлап кетіп, өндірістік жарақат алып, соның салдарынан ауруханада көз жұмған.

Осы оқиға жөніндегі актіге сәйкес жұмыс берушінің 100 пайыз кінәлі екендігі анықталған. Бұл Тасқала аудандық сотының қаулысымен де дәлелденген, онда ЖШС-ның еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы инженері кінәлі болып танылған. Дегенмен қылмыстық іс рақымшылыққа байланысты қысқартылған.

Отағасының қаза табуына байланысты отбасы орны толмас қайғыға ұшырап, асыраушысынан айырылған. Сол себепті марқұмның туыстары ЖШС келтірген моральдық залалды 10 млн. теңгеге бағалап, отбасы мүшелерінің әрқайсысына жауапкерден 2,5 млн. теңгеден төлеуді талап еткен. Сот мұны асырып көрсетілген деп тауып, талап-арызды ішінара қанағаттандырды. Яғни ЖШС-дан әр талапкерге 1,5 млн. теңгеден, барлығы 6 млн. теңге және мемлекет есебіне 4538 теңге баж салығын өндірді.

Сот шешімі күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар