19:19, 15 Сәуір 2011 | GMT +5
Батыс Қазақстанда су тасқыны зардаптарын жою бойынша жұмыстар жалғасуда
АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстанда су тасқыны зардаптарын жою бойынша жұмыстар жалғасуда,
деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.
Ведомствоның атап өтуінше, бүгін ТЖМ мамандары жағдайды бағалау үшін тікұшақпен Павлово, Горбуново елді мекендерінің аумағын аралап шықты. Толып тұрған тоғаннан су ағызу туралы шешім қабылданды. Зардап салдарын жою бойынша нақты шаралар қабылдау мақсатында апат тудырған шығынды бағалау үшін төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Сондай-ақ бүгін ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тасқынға қарсы тұру және оның салдарын жою мәселері бойынша кеңес өткізді.
Қазіргі уақытта ҚР ТЖМ құтқарушылар бөлімшесі қауіпсіз жерге 8 мыңнан астам адамды көшірді. Жағдайды тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.