Батыс Қазақстанда суға батып кеткен екі адамның мүрдесі табылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында бұған дейін суға батып кеткен екі адамның денесі бүгін табылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті Ақжайық ауданы №6 жедел құтқару жасағы бөлімінің басшысы Марат Қабақаевтың айтуынша, осы аудан орталығы Чапаев ауылы тұсында Жайық өзеніне 7 тамыз күні батып кеткен 1999 жылғы бозбаланың денесі бүгін сағат 14.20-да шығарылды. Сол секілді кеше Қазталов ауданы Тереңкөл ауылдық округіне қарасты Минаж қыстағы маңында мал бағып жүрген 2001 жылғы баланың Сарыөзенге батып кеткені жөнінде хабар алған бойда оралдық және ақжайықтық құтқарушылар оқиға орнына аттанды. Күн кешкіріп кеткендіктен, кеше сүңгуірлер бір рет қана қарап үлгерді. Бүгін таңертең сағат 06.00-ден бастап қараған кезде сағат 08.20-да бұл баланың да денесі судан шығарылды. Мал бағып жүріп, су алуға келген бала өзенге керілген жіптен ұстап өтем дегенде, жіп үзіліп кеткен.
«Марқұмдардың екеуі де жүзу білмейді екен. Өкінішке қарай, өзенге суға түскенде, адамдар сақтануды ескермейді. Өзен жағалауларын аралап жүріп, таңнан кешке дейін қанша айтсақ та, адамдар суға түсуге болмайтын, тыйым салынған жерде шомылып жатады. Қараусыз жүрген балалар, мас күйінде түсетіндер аз емес, ескерту жасасақ, ренжиді. Біздің бөлім 2011 жылы құрылған, кейін судан құтқару мен жедел құтқару жасағы біріктірілді. Біздің қарауымызға Ақжайық қана емес, Жаңақала, Қазталов аудандары да кіреді. Екі күннің ішінде қос бірдей жас жеткіншектің көлденең қазаға ұшырауы қынжылтып отыр. Бұдан бұрын биыл осы аумақта мұндай оқиға тіркелмеп еді», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Марат Қабақаев.
Еске сала кетейік, осыған дейін облыста төрт адам (соның үшеуі - кәмелетке толмағандар) суға кеткен болатын. Бүгін олардың қатарына тағы екі дерек қосылып отыр. Соның көпшілігі - жүзу білмегендіктен, суға кетіп қалған жасөспірімдер.