Батыс Қазақстанда тасқын су басу қаупі бар елді мекендер анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тасқын су басу қаупі бар елді мекендер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда тасқын су басу қаупі бар елді мекендер анықталды

БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұралы Мүсиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, облыста көпжылдық мониторингке сәйкес барлығы 138 елді мекен бақылауға алынды.

Оның айтуынша, соның 105-інде инженерлік-қорғау шаралары нәтижесінде қауіп азайса, біреуі тізімнен сызылды.

Күні бүгін Орал қаласында Деркөл кентінде, сондай-ақ Бөрлі ауданында 9, Ақжайықта 2, Казталовта 4, Теректіде 2, Тасқалада 1, Бәйтеректе 13, барлығы 32 елді мекенде инженерлік қорғаудың болмауына байланысты қауіп сақталуда.


Алдын ала болжамға сәйкес БҚО су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарына кіреді. Күні бүгін көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда.

Төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында 708 техника, 69 жүзу құралы, 265 мотопомпа және жеке құрамнан 3269 адам дайындалды.

«Су тасқына қаупі бар өзендердегі мұз кептелістерін болдырмау үшін жарылыс жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 98 млн теңге бөлінді. Алайда бұл жұмыстар елді мекендерден 500 метрден астам қашықтықта жүргізілетінін ескере отырып, мұз кесу және бұрғылау, сондай-ақ ауылға жақын маңда қамыс пен өсімдіктерді шабу тәжірибесі енгізілді. Қазіргі кезде Тасқала ауданындағы Деркөл және Қаратөбедегі Шиелі өзендерінде қамыстар шабылуда», деді Н.Мүсиев.


Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі