Батыс Қазақстанда үздік мектеп түлектеріне құрмет көрсетілуде

Батыс Қазақстанда үздік мектеп түлектеріне құрмет көрсетілуде

ОРАЛ. 21 маусым. ҚазАқпарат -  21 маусым күні Қаратөбе ауданы әкімі Наурызбай Қарағойшин ҰБТ қорытындысында үздік нәтиже көрсетіп, «Алтын белгі» иегерлері атанған, сонымен бірге сынақ барысында 100-ден жоғары балл жинаған түлектерді және 9 сыныпты «Үздік куәлікпен» бітірушілерді қабылдап, салтанатты шара өткізді.

Онда аудан басшысы түлектер мен мектеп өрендеріне жарқын болашақ тіледі. Аудан бойынша үкілеген үмітті ақтаған Қаратөбе мектеп-гимназиясының түлектері, «Алтын белгі» иегерлері Сәтжан Ғабдоллаев, Әйгерім Ерланова, Нұрдәулет Шаймардановқа «Алтын белгі» лентасы мен  төсбелгі тағылып, ноутбук тарту етілді.

«Алтын белгі» иегерлерінің ата-аналары да назардан тыс қалмай, облыс әкімі Н. Ноғаевтың атынан жолданған алғысхатқа ие болды.

Аудандық мәслихат хатшысы Батырғали Тойшыбаев, «Алтын белгі» иегері, Қаратөбе мектеп-гимназиясының түлегі Нұрдәулет Шаймарданов, ата-аналар атынан Ерлан Нәсіпқалиевтер сөз сөйлеп, ауданның білім беру саласында жетістіктердің көп болуына тілектестіктерін білдірді.

Осындай шаралар облыстың өзге аудандары мен Орал қаласында да ұйымдастырылып отыр.