09:56, 27 Желтоқсан 2019 | GMT +5
Батыс Қазақстанда жаңбыр мен көктайғаққа байланысты жол жабылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жаңбыр мен көктайғаққа байланысты жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақавтожол» ЖШС БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, жаңбыр) республикалық маңызы бар Самара-Шымкент жолында (394-526 км, Жымпиты – Ақтөбе облысының шекарасы) барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.
Аталмыш бағытта жол 27 желтоқсан күнгі сағат 05.00-ден бастап жабылды.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, тұрғындарға СМС хабарламалар жіберді.
Сонымен қатар облыстық маңызы бар «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты», «Ақсай-Шыңғырлау», «Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай», «Федоров-Ақсай» жолдары да жабылды.