Батыс Қазақстанда жасөспірімдер қылмысы екі есеге өскен
Орал қалалық полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Мәдина Құспанованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, өңірде жасөспірімдер арасындағы криминогендік жағдай алаңдаушылық туғызуда.
Оның айтуынша, өткен жылы осы мерзімде 12 қылмыс тіркелсе, биыл жыл басынан бері 26 дерекке жетіп отыр.
Мұның көпшілігі – мүліктік сипаттағы қылмыстар. Атап айтқанда, 15-і – ұрлық, жетеуі – алаяқтық, екеуі – тонау. Яғни жасөспірімдер пайда табу үшін осындай қылмыстарға барады. Көбінесе ақша немесе ұялы телефондар жымқырылады.
Осы қылмыстарды жасағаны үшін 18 жасөспірім ұсталса, соның біреуі – мектеп оқушысы, 11-і – колледж студенті, алтауы – еш жерде оқымайтын, жұмыс жасамайтын кәмелетке толмағандар.
«Жасөспірімдердің қылмыс жасауының негізгі себептері – заңды өкілдер тарапынан бақылаудың жоқтығы, ата-аналардың өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы. Оған қоса балалардың толық емес немесе қолайсыз отбасыларда тәрбиеленуі де ықпал етеді. Сондықтан бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, олардың бос уақыттарын дұрыс ұйымдастыруға баса мән беру керек», деді М.Құспанова.
Сонымен қатар спикер балалардың үйден өз бетімен кету деректерінің де жиілеп кеткенін атап өтті. Жыл басынан бері осындай 6 дерек тіркеліп, полиция қызметкерлерінің үйлесімді қызметі нәтижесінде барлық балалар табылып, үйлеріне қайтарылды.
Жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 600-ден астам жасөспірім ұсталса, олардың дені немесе 497-сі – заңды өкілдерінсіз түнде өз бетімен жүргендер. 28-і ұсақ бұзақылыққа барса, 20-сы қоғамдық орында мас болған.
Брифингте сондай-ақ БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Луара Батырғалиева білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне тоқталды.