Батыс Қазақстанда жасөспірімдердің үйден кетуі жиілеп отыр
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы кезде жасөспірімдердің үйден кетуі жиілеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жыл басынан бері облыс бойынша жасөспірімдердің із-түзсіз жоғалып кеткені туралы 54 хабарлама тіркеліп, бір тәулік ішінде олардың орналасқан жері анықталып, олар заңды өкілдеріне қайтарылған.
Соның ішінде 23-і 5-12 жастағы балалар болса, 31-і – 13-17-дегі жасөспірімдер.
Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, көбінесе әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан балалар жоғалып кетеді. Кәмелетке толмағандардың кетуінің негізгі себептері – ата-анасымен жанжалдасуы, олармен бірге тұруды қаламауы, үйде үнемі ішімдіктің ішілуі.
«Хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу үшін дереу іздестіру топтары құрылады, қажет болған жағдайда ұлттық ұланның әскери қызметкерлері, қызметтік иттерімен кинологтер, еріктілер тартылады. Әр дерек бойынша іздестіру жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік желілерде фотосуреттері жарияланып, олардың болуы мүмкін орындар мен баспаналар, сондай-ақ еріктілермен бірге ірі сауда және ойын-сауық орталықтары мен компьютерлік клубтар тексеріледі. Тінту кезінде бақылау камералары көмектеседі, қажетті куәгерлер, жүргізушілер, такси жүргізушілері, дүкен сатушылары, қызметкерлері сұралады.
Айта кетейік, мұндай балалардың ата-аналары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 442-бабына (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Ата-ана тарапынан бақылаудың болмауы қайғылы оқиғаға соқтыруы әбден мүмкін. Егер бала тәртіпке бағынбай, оқудан бас тартса немесе ұзақ уақытқа үйден кетіп қалатын әдет тапса, кеңес алу үшін БҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция бөліміне хабарласуға болады», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 13 жасар қызды зорлаған деген күдікпен тағы бір адамның ұсталғанын жазған болатынбыз. Бұл оқиға бойынша күдіктілер қызды пәтерге алдап шақырып алған.
Сондай-ақ, Оралда 3 жасар баланың балабақшадан қашып кетуіне байланысты тәрбиеші жұмысынан босатылды.