Батыс Қазақстанда «Жайық орманы» резерватын құру жоспарлануда
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2024 жылы «Жайық орманы» резерватын құруды жоспарлауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Оның айтуынша, инспекция осы бағытта 2022 жылы көлемі 46 969 гектарды құрайтын Жайық өзені бойында орналасқан мемлекеттік орман қорын комиссиямен зерттеп, облыс әкімдігінің қаулысымен резервке қойылуына атсалысты.
Күні бүгін мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 219 мың 923 гектар болса, соның 89 576-сы орманмен көмкерілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша орман алқабы 115 гектарға ұлғайтылды.
«Президенттің мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2021-2025 жылдарға арналған БҚО ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспары бекітілді. Өткен жылы 2 225 гектар жер көлемінде ағаш егу жұмыстары көзделіп, ол 1 943 гектарға орындалды. Орындалмай қалған 282 гектар жерге биыл ағаш отырғызу жоспарлануда», - деді Нұрлан Сағынтайұлы.
Оның сөзіне қарағанда, 2022 жылы Үкіметтің қаулысымен «Бөкейорда» табиғи резерваты құрылды. Оның көлемі – 343 мың га, соған қарасты «Ащыөзек» табиғи қаумалының аумағы – 314 мың, барлығы 657 мың гектарды құрайды. Қазіргі кезде резерватта 80 штат бар. Құжаттары реттеліп, бастапқы жұмыс атқаруға қажетті техникалармен қамтамасыз етіліп, резерват қызметтерін бастап кетті.
«Резерваттың негізгі міндеті – тек қана киік қорғау емес. Сонымен қатар ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар геологиялық, гидрогеологиялық, зоологиялық, ботаникалық және ландшафттық нысандар мен олардың кешендерiн сақтау маңызды. Сол секілді сулы-батпақты алқаптарды, негізгі орнитологиялық аумақтарды, бірегей табиғи су қоймаларын немесе олардың учаскелерін, өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупi төнген түрлерiн қорғау керек. Оған қоса экологиялық маңызы бар туризмді жетілдіру және ғылыми жұмыстарды жүргізу резерваттың міндетіне жатады», деді Н.Рахымжанов.