Батыс Қазақстанда жергілікті жолдарға бөлінген қаржы көлемі екі есеге өсті
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Меңеевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды дамытуға 23,8 млрд теңге қаралды, соның ішінде 20,5 млрд теңге республикалық, 3,3 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінді.
Айдар Қазбекұлының сөзіне қарағанда, бұл жолдардың жалпы ұзындығы - 4 762 километр.
Алдыңғы жылдармен (2020 жылы - 12 млрд теңге, 2021 жылы - 15 млрд теңге) салыстырғанда, қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайды.
Аталған қаражатқа 94 елді мекенді қамтитын 351,2 км жергілікті жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар республикалық және облыстық трассалардан жалпы ұзындығы 169 км болатын 22 елді мекенге кірме жолдар ретке келтірілуде.
Атап айтқанда, Барбастау-Ақжайық-Индер (43-93 км), Чапаев-Жаңақала-Сайқын (130-191 км), Бөрлі-Ақсай-Жымпиты (68-139 км), Тасқала-Аққурай-Болашақ (96-157 км), Федоров-Ақсай (28-82) және басқа негізгі бағыттар бойынша жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 39-дан 46 пайызға дейін жеткізу көзделуде. Он айда осы жолдардың 220 шақырымы жөнделіп, 20,9 млрд теңге игерілді (73 пайыз).
Сондай-ақ автожолдарды қыс кезінде күтіп ұстауға да баса мән берілуде. Мұнымен айналысатын 28 мердігер ұйымда 319 қар тазалағыш техника бар.
«Биыл облыстың автомобиль жолдарына барлығы 55,770 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 107 жоба бойынша барлық маңыздағы 662 км жол салынып, жөндеу жұмыстарымен қамтылды», - деді А.Меңеев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да оңтүстік аудандарға жол салуда өрескел кемшіліктер анықталып отырғанын жазған болатынбыз.