Батыс Қазақстанда жол апатынан 25 жастағы жүргізуші қаза тапты
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 25 жастағы жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 16 ақпан күні кешкісін Самара-Шымкент тас жолының 307-шақырымында болды.
Теректі ауданы Аңқаты ауылына қарай бұрылар тұста 25 жастағы жүргізуші ВАЗ-21102 автокөлігімен жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Содан «КамАЗ» жүк көлігімен соқтығысқан. Ол жеңіл көлікте жалғыз болған.
Оқиға орнында қаза тапқан марқұмның денесін БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының қызметкерлері арнайы құралдардың көмегімен көліктен шығарды.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, жол апаты жөнінде шамамен сағат 18.10-да хабар түскен.
Полиция қызметкерлері анықтағанындай, Қызылорда облысының тұрғыны, 1982 жылғы жүргізуші айдаған «КамАЗ» автокөлігі Орал қаласына қарай бара жатқан.
Жол-көлік оқиғасының себептері анықталуда. Оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеді.
ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жастар төбелесінен кейін тағы бір адамның көз жұмғанын, БҚО-да жолды күтіп ұстамаған кәсіпорынға 73 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.