Батыс Қазақстанға 29 250 доза Pfizer вакцинасы жеткізілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысына «Pfizer» компаниясы өндірген 29 250 доза «Комирнати» вакцинасы жеткізілді. Бұл туралы БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі кезде вакцина емханаларға таратылуда.

«Ертеңнен бастап жасөспірімдер, сондай-ақ жүкті және бала емізетін әйелдер егіледі. Бастапқыда 16-дан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер екпе алады. Содан кейін 15, 14, 13 және 12

жастағы балаларға кезек келеді», деді Г.Әбдірахманова.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың сөзіне қарағанда, өңірде осы екпеге қатысты облыс әкімінің

орынбасары төрағалық ететін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары кірді. Қазіргі кезде егілетін контингент саны нақтылануда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 244 мыңнан астам адамның коронавирусқа қарсы екпе алғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар