Батыс Қазақстанның электр желілері біртұтас жүйеге біріктіріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2029 жылға қарай қазақстандықтардың газ тұтыну көрсеткіші 65%-ға жету керек. Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында ведомство алдына осындай міндет қойылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы қойған маңызды мәселелердің бірі – халықты газбен қамтамасыз ету. Министрлік халықты газдандыру деңгейін 2029 жылға қарай 65%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл 12 млн адамды табиғи газбен қамтамасыз етеді.
Энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін күшейту үшін 2029 жылға қарай 3,7 ГВт энергия генерациялайтын қуат іске қосылады. Оның ішінде 1,8 ГВт электр станцияларын жаңғырту және 1,9 ГВт жаңа бу-газ қондырғыларын салу жоспары бар», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол 2026 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 50-ден астам нысаны іске қосылатынын атап өтті.
«Осылайша жаңартылатын энергия өндірісінің көлемі 1,5 есе өседі және ел бойынша электр энергиясының жалпы өндірісінде 7%-ға жетеді.
2029 жылға дейін Ұлттық электр желісін жаңғырту, оның ішінде Батыс Қазақстанның электр желілерін Біртұтас электр энергетикалық жүйеге қосу бойынша жұмыстар жүргізіледі», - деді Болат Ақшолақов.