Батыс Қазақстанның шалғай ауылында мешіт ашылды
ОРАЛ. 24 шілде. ҚазАқпарат - Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында күрделі жөндеуден кейін мешіт қайта ашылды.
Аталмыш ауылдық округтің әкімі Қайырсапа Саматовтың айтуынша, іргетасы 1957 жылы қаланған, кеңес дәуірінде наубайхана, кейін қосалқы электр стансасы болған ғимарат 2003 жылы ғибадат орнына айналған болатын.
Аталған мешіт оралдық Хайролла Ысмағұлов пен жергілікті кәсіпкер Ермек Меңдешевтің демеушілігімен күрделі жөндеуден өтті. Ғимаратты қалпына келтіруге бисендік шебер Есболат Мұхамбетов те үлес қосты. Алыс ауылдағы имандылық ошағы 1882 жылы дүниеге келіп, Нарын өңірінде мешіт ұстап, балалардың сауатын ашқан Мұстағали молданың құрметіне ашылды.