«Батыс Қытай - Батыс Еуропа» көлік дәлізінде SsangYong жалпақтабанды көліктерінің автожарысы өтуде

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» транзит дәлізінің қазақстандық бөлігі арқылы Қазақстанда құрастырылған SsangYong жалпақтабанды көліктерінің автожарысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Оны «Жасыл ел» экологиялық жастар қозғалысы AllurAuto автокөлік компаниясы тобымен бірлесе ұйымдастырып отыр. Жарыстың мақсаты күре жол бойында орналасқан елді-мекендер тұрғындары мен жастарға халықаралық көлік дәлізі пайдалануға берілгеннен кейін шағын және орта бизнесті дамыту мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ашылғандығын насихаттау. Сонымен бірге, Қостанайдағы «Агромашхолдинг Қазақстан» АҚ-да құрастырылатын SsangYong жалпақтабанды көлігін сынақтан өткізуді көздейді.

SsangYong көлігінің 5 түрі қатысатын автожарыс ҚХР-ның шекарасынан басталып, Қазақстанның оңтүстік және орталық аймақтары арқылы Астанаға барып аяқталады. Жолдың жалпы ұзындығы - 3 мың шақырым. Кеше Қорғас қаласында старт берілген жарыс қатысушылары бүгін Алматыға жетті.

«Жастардың «Жасыл ел» экоқозғалысы өкілдерімен өткізіп отырған бұл жарыс «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» жолы бойындағы аймақтарды дамытуды көздейді. Сонымен қатар, SsangYong көліктерін іс жүзінде сынап көреміз», дейді AllurAuto автокөлік компаниясының бас директоры Андрей Лаврентьев.

Шараға қатысушылар Алматыдан соң Тараз, Шымкент және Қызылорда қалаларына жол тартады. Сонымен бірге, жолай елді-мекендерде де тұрғындармен кездеседі.

«Халықаралық көлік дәлізі біздің елімізде автомобиль бизнесінің қарқынды дамуына жол ашады деп үміттенеміз. Отандық автобизнес компаниялары халықаралық күре жол бойында қазіргі заманғы көлік-сервис инфрақұрылымын құруды жоспарлап отыр. Қазір олардың көбі бұл сынаққа дайын», дейді қазақстандық автокөлік бизнесі қауымдастығының президенті Арсений Сидоров.

Автошерушілер жарыс жолын Елордада қазанның 5-і күні аяқтағалы отыр.

Соңғы жаңалықтар