«Батыс Марка Ламб» ЖШС өнімі экспортқа жөнелтіле бастамақ (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО-ның Ақжайық ауданы аумағында биыл іске қосылған «Батыс Марка Ламб» ЖШС өнімі экспортқа жөнелтіле бастамақ.

«Батыс Марка Ламб» ЖШС өнімі экспортқа жөнелтіле бастамақ (ФОТО)

Кәсіпорын директоры Бақытжан Кескінбаевтың айтуынша, қазіргі кезде Өзбекстанға ай сайын 100-150 тонна қой етін жөнелтуге ұзақ мерзімді келісімшарт жасалған. Негізінен халықаралық нарыққа, яғни өнімінің 80 пайызын шетелге өткізуге бағыт ұстаған «Батыс Марка Ламб» ЖШС Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербор қалаларына қой етін экспорттауға дайын. Бұған дейін қазақстандық қой етіне Ресей тарапынан тыйым салынғаны қолбайлау болған еді. Енді ол алынып тасталғаннан кейін бұл мәселе үкіметаралық деңгейде шешілмекші.

Қазіргі таңда 5 гектар аумақты алып жатқан өндірістік кешенде бәрі де толығымен автоматтандырылған. Итальяндық «Rovani SrL» мал сою және ет өңдеу желісінде қой союдан бастап ет өңдеуге дейінгі жоғары технологиялық талаптар сақталады. Дайын өнім тапсырыс берушіге тоңазытылған төшке немесе жіліктеліп, қорапқа салынған күйінде жеткізіледі. Бүгінде мұздатылған, яғни әбден қатырылған еттен гөрі тоңазытылған етке сұраныс жоғары. Өйткені мұндай ет өзінің пайдалы қасиеттері мен дәрумендерін жоймайды. Осындай артықшылықтарына бола шетелдіктер қызығушылығын танытып отыр.

Кәсіпорын биылғы наурызда пайдалануға берілгеннен кейін бастапқыда күніне 30 бас сойылса, біртіндеп тәулігіне 500 бас қой етін өңдейтін деңгейге қол жеткізілді. Жыл аяғына дейін өндіріс қуатын 700 басқа жеткізу көзделуде. Өндірістік желінің іске қосылуы 80 жергілікті тұрғынды оқытып, жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді. Толық қуатына көшіп, ресейліктерге ет жөнелтуді бастағаннан кейін қызметкерлер саны 150-ге жетпек. Осыған дейін Батыс Марка Ламб» 4,4 тонна өнімін Алматы, Тараз, Атырау, Ақтөбе қалаларына өткізіп үлгерді. Дегенмен еттің өзіндік құнын және оның елдегі бағасын ескергенде, оны шетке шығарған әлдеқайда тиімді.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ БҚО филиалының директоры Төлебай Меңдіоразовтың сөзіне қарағанда, аталмыш жоба мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Жобаның жалпы құны 2,8 млрд. теңге болса, «ҚазАгроҚаржы» АҚ қазіргі заманғы құрал-жабдық алуға 1,5 млрд. теңге бөлсе, қалғанын инвестордың өзі қаржыландырды.

Кешеннің Орал-Атырау автожолы бойында және облыстағы қой малын өсірумен айналысатын аудандарға жақын орналасуы қолайлы болып отыр. Соның бірі - Жаңақала ауданы. Кәсіпорын осы аудандағы аты алысқа кеткен «Бірлік» асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС-мен өзара тиімді байланыс орнатқан. «Бірлікте» 12500 бас қой болса, осы шаруашылықтан қазірдің өзінде 1600 бас марқа кешенге тапсырылған. Жыл сайын 3500-4000 басқа дейін жеткізу ойластырылуда. Серіктестік директоры Қанат Ешімовтің мәлімдегеніндей, бұл шаруашылық үшін де пайдалы. Бұрын еліміздің басқа өңірлеріне тасымалдап, шығынға ұшыраса, енді іргедегі кешенге әкеледі әрі мұнда қой етінің әр келісіне мемлекет тарапынан 100 теңгеден демеуқаржы төленеді. Алдағы уақытта кәсіпорын облыстың басқа да аудандарымен, көршілес өңірлермен осындай қарым-қатынас орнатпақшы.

Айта кетейік, «Батыс Марка Ламб» ЖШС ет өңдеу кешені «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ республиканың агроөнеркәсіп кешенінде жүзеге асырып жатқан жалпы құны 325,1 млрд. теңгені құрайтын 529 инвестициялық жобаның бірі болып табылады. Күні бүгінге дейін елімізде жалпы құны 234,5 млрд. теңгеге 418 жоба іске қосылып, 12,8 мың жұмыс орны ашылған. Соның ішінде биыл 13,5 млрд. теңгенің 56 инвестициялық жобасы пайдалануға берілді.