Батыс майданда шайқасып, жоғалып кеткен 99 қазақстандық сарбаз табылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Петербургтегі ұжымдық қауіпсіздік Шарты мүшелерінің отырысында қазақстандық делегацияға қуанышты хабар айтылды. Бұрын есімдері белгісіз болған, із-түссіз жоғалып кеткен ондаған қазақстандық сарбаздар табылды. Енді олардың аттары қайта жаңғырмақ.

Батыс майданда шайқасып, жоғалып кеткен 99 қазақстандық сарбаз табылды

Бұл туралы Алматы облысы Іле ауданы Боралдай аулындағы саябақта «Қара қызғалдақ» атты ескерткіштің ашылуында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов мәлім етті.

Оның айтуынша, петербургтік із кесушілер Батыс майданда жаумен шайқасқан, бірақ осы күнге дейін із-түссіз жоғалғандар қатарында жүрген 99 қазақстандық сарбазды іздеп тапты. Көп ұзамай олардың есімдері «Айқын» газетінде жарияланады. «Әр елдің өркениеттілігі ардагерлеріне деген қарым-қатынаспен өлшенеді. Бүгін біз де миллиондаған адамның өмірін қиған қанқұйлы соғыста жан аямай соғысқан майдангерлердің алдында басымызды иеміз. Ол соғысты біз ешқашан ұмытпаймыз», - деп атап өтті К. Бұрханов. Митингте арнайы бөлімшелердің жауынгерлері өз өнерлерін көрсетті. Отшашулар атылып, ескерткішке гүл қойылды.