Батыс өңірінің ең үздік жедел жәрдем бригадасы анықталды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда ең үздік жедел жәрдем бригадалары анықталған байқау өтті. Онда атыраулық жедел жәрдемшілер үздік болып танылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Байқауға Атырау, Орал, Ақтау және Ақтөбеден келген командалар қатысты. Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсету, дұрыс диагноз қою, ем тағайындау бойынша өздерінің білімдерін көрсетті. Одан кейін базалық және кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясын өткізудегі, шұғыл медициналық көмек көрсетудегі дағдыларын ортаға салды. Жеңімпаздар бірнеше критерий бойынша бағаланды»,- деді Атырау қалалық «103» қызметінің бас дәрігері Гульнафис Танбаева.
Байқау қорытындысы бойынша I орынды Атырау жедел жәрдем бригадасы иемденсе, II орынды Ақтөбе мен Орал командалары өзара бөлісті, III орынды Ақтаудан келген команда алды.