Батыс өңірінің тұрғындары жол қиындығын бастан кешуде

АСТАНА. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Бөкей Орда, Қазталов және Ақжайық аудандарының тұрғындары облыс орталығына автокөлікпен қатынауда үлкен қиындықтарды бастан кешіп отыр.

  Батыс өңірінің тұрғындары жол қиындығын бастан кешуде


 Парламент қабырғасында өткен отырыста Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыпов осы проблеманы көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың мұндай мәселе көтеруіне Жәнібек, Бөкей Орда, Қазталов және Ақжайық аудандары тұрғындарының бірнеше мәрте жазған арыз-шағымдары және Ресей Федерациясының Астрахан мен Волгоград облыстарында тұратын қазақ диаспорасының жолдаған өтініштері негіз болған. Олар республикалық маңызға ие Жәнібек - Орал автокөлік жолын жөндеп, ХХІ ғасыр талабына сәйкес келтіруді талап етеді. Ал қазір аталған аудандарға баратын жолдардың басым бөлігі саздан төселгендігі жасырын емес. Ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан осы автокөлік жолдары ешқандай сын көтермейді.

Жәнібек, Бөкей Орда, Қазталов аудандарының тұрғындары ертеректе темір жол арқылы қатынаған болатын. Алайда, темір жолдар Ресей жері арқылы және бірнеше пойызбен баратын болғандықтан ол халыққа тиімсіз. Қазір аталған аудандарға тек қана автокөлікпен баруға болады. Сонымен қатар Жәнібек, Бөкей Орда, Қазталов аудандары көрші Ресей Федерациясының үш өңірімен, яғни, Астрахан, Волгоград және Саратов облыстарымен шекаралас орналасқан, сондықтан ол жолдардың халықаралық және транзиттік маңызы аса зор.

«Аталған автокөлік жолының жалпы ұзындығы 520 шақырымды құрайды. Оның 135 шақырымы ғана асфальтталған. Ал қалғаны грейдер болғандықтан бір жылдың алты айында жүруге жарамсыз болып отыр. Облыс орталығы мен аудандарға қарым-қатынас бұл аймақтар үшін аса маңызды. Жолдың болмауы әлеуметтік жағдайды ушықтыруға алып келеді. Өйткені тұрғындар әлеуметтік қызметтерді, мамандандырылған медициналық көмекті, төтенше жағдай бола қалған кезде қажетті көмекті және басқа да өркениеттің жетістіктерін дер кезінде ала алмайды»,- деді депутат Қабиболла Жақыпов.

Жалпы, еліміздің Көлік және коммуникация министрлігі аталған өңірде бұрын атқарылмай келген көптеген жұмыстарды жүзеге асыруда. Алайда, қаржының жеткілікті болмауынан жолдарды күрделі жөндеудің қарқыны өте төмен, басталған жұмыс 20-30 жылға созылуы мүмкін.

Депутат өз сауалын ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың атына жолдай отырып, аталған салаға республикалық бюджеттен қаржы бөлу жөніндегі мәселені қарауды және оның оң шешілуіне ықпал етуін сұрады. Егер батыс өңірінде автокөлік мәселесі шешілсе, тұрғындардың наразылығын туғызбауға және тұтас бір аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін жеткізді.

Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыповтың осы бастамасын қолдап, әріптестері Аманжан Жамалов, Елена Тарасенко, Виктор Киянский және Шафхат Өтемісовтер қолдарын қойған.