Батыс Ресейге экономикалық санкция енгізген жағдайға Қазақстан мұнай тасымалдаудың басқа да мүмкіншіліктерін қарастыруда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Ресейге экономикалық санкция енгізген жағдайға Қазақстан мұнай тасымалдаудың басқа да мүмкіншіліктерін қарастыруда. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депутаттардың сауалына жауап берген ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин осылай деді.

Батыс Ресейге экономикалық санкция енгізген жағдайға Қазақстан мұнай тасымалдаудың басқа да мүмкіншіліктерін қарастыруда

«Біз еркінсіп, алда ахуал қалай болады екен деп қарап отыра алмаймыз. Бұл әрбір маманның, оның ішінде мемлекеттік органдардың көкейінде жүрген жайт. Қандай санкциялар енгізілуі мүмкін екенін білмейміз және біздер үшін экспорт бойынша ұстаным негізгі қиындық туындатып отыр. Егер біздің экспортымызға қандай да бір шектеу болатын болса, онда ол негізінен ресейлік желіден орын алуы мүмкін. Біздің ойымызша, мұндай жағдайда біздің экспортымыз азаяды», - деді министр. Оның атап өтуінше, бұл жағдайға мұнай тасымалдаудың мүмкіндіктері әртүрлі бағытта қарастырылып жатыр. «Бұл Каспий теңізі арқылы, Әзербайжан, Грузия арқылы Қара теңізге шығу бағытын күшейту болуы мүмкін. Бұған қоса Батумида мүмкіншілігі зор қазақстандық порт бар», - деді Ұ.Қарабалин.