Батыс үлгісімен келе жатқан түркі әлемінің қоғамдық ғылымдары тұйыққа жақындауда - Мекемтас Мырзахметұлы

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Уақыт қатты өзгеріп жатыр. Көзқарастар да өзгеруде. Қазір батыс үлгісімен жүріп келе жатқан Қазақстан ғана емес, бүкіл түркі әлемінің қоғамдық ғылымдары белгілі бір тұйыққа келе жатыр. Ол рельстің басында бұрын ренталистер, одан кейін еуроцентристер тұрған. Ендігі жол ары қарай жүрмейді. Не істейміз? Жалпы, ертерек есін жиятын мемлекет өзінің идеологиясында ғылымды дамытудың үлгісін, қалпын өзгерту керек. Яғни, біз жаңа ұлттық, шығыстық үлгіге қарай ауыспасақ адасамыз", дейді "Абайтану" орталығының директоры Мекемтас Мырзахметұлы. Филология ғылымы докторының айтуынша, Шәкәрімнің мұрасы еуропалықтардан әлдеқайда жоғары тұр. Олар бұл деңгейге әлі жете алған жоқ. Жантану ілімінің негізі қазақ даласында 19 ғасырда салынды. Жантану деген сөз - Алланы тану. Жантану деген мәселе қазір ғылымда көтеріле бастады. Бірақ біздің философтар бұған жете алмай келе жатыр. Өйткені олар психологияны жантану деп жүр. Психология жантану бола алмайды. Философия ойлаудың заңдары туралы, ал психология адамның бойындағы психикалық құбыластарды зерттеудің заңдары туралы ілім. Оны тұтас ұғынбасақ та біртіндеп барып ұғыну біздің қолымызға дүниетанымдық, идеологиялық құрал береді.
"Абайды таныған адам Шәкәрімді оңай таниды. Шәкәрімді төтелей келіп танимын дегендер адасады. Себебі Шәкәрім - Абайдың шәкірті. Сол жолмен жүрген, сол жолды ары қарай дамытқан, екіншіден, олар біздің елімізде ар ғылымының негізін салғандар болып отыр. Қазір батыстың мінез-құлқын ақпарат құралдары арқылы бойымызға еріксіз дарытып жатырмыз. Біздің оған қарсы қоятын бірден-бір құралымыз Абай салған толық адам ілімі, ар ілімі. Бұл басқа халықтың қолында жоқ. Еуропа қазіргі мінез-құлық жағынан шіруінен арыла алмайды. Одан ары жол жоқ. Дүние қуған адам алысқа бармайды. Жинайтын дүние рухани қазына, оны ұры да, басқа да ала алмайды. Оны игере алсаңыздар, бәйге енді сіздердікі болады", дейді Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Мекемтас Мырзахметұлы.