12:32, 25 Маусым 2016 | GMT +5
Батыс Вирджинияда су тасқыны салдарынан 23 адам қаза тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Американың Батыс Вирджиния штатында су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны сенбі күні 23 адамға жетті. Бұл туралы РИА Новости Ассошиэйтед Пресс агенттігіне сілтеме жасап хабарлады. Бұның алдында 18 адам өлімі тіркелген болатын.

Агенттік мәліметтеріне сүйенсек, 100-ден астам үй қирап, мыңдаған адам электр жарығынсыз қалған. Билік адам өлімінің өсуінен қауіптенуде. Іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде.
АҚШ-тың Төтенше жағдайлар жөніндегі федералдық агенттігі табиғи апат салдарымен күресу үшін командалар жіберген. Олар штат билігімен бірге шығын көлемін бағаламақ. Жиналған ақпарат негізінде штат билігі федералдық көмекке жүгінеді.
Осының алдында 500-ге жуық адамның су тасқынының себебінен Батыс Вирджиния штатының Эльквью қаласындағы сауда орталығында қамалып қалғаны хабарланған еді.
Штаттағы нөсер жауын бейсенбі күні басталған. Вирджиния және Батыс Вирджиния штаттарында төтенше жағдай режимі енгізілді.
Фото: © Flickr/ C. Holmes