Батысқазақстандық Ә.Ғұбашева халықаралық дәрежедегі төреші атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Халықаралық волейбол федерациясы (FIBV) батысқазақстандық Әсел Ғұбашева мен қызылордалық Айдос Ахметовке классикалық волейболдан халықаралық дәрежедегі төреші мәртебесін ресми түрде бекітті.
Қазақстан волейбол федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, олар өткен жылы халықаралық семинар сынақтарын сәтті тапсырған болатын. Сөйтіп 27 жасар төрешілер халықаралық волейбол федерациясының ең жас төрешілері атанып, әлемдік деңгейдегі жарыстарға қазылық етуге мүмкіндік алып отыр.
Айта кетейік, Әсел Ғұбашева қазірдің өзінде Филиппинде 23 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан бірінші Азия чемпионатында төрелік етіп үлгерді.