Батысқазақстандық әнші республикалық байқауда бірінші орынды жеңіп алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының дәстүрлі әншісі Фархат Оразов Қарағанды қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында мәреге жеткен Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Ордалы сөздің иесі - Қазыбек би» атты жыршылар мен термешілердің республикалық байқауында бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған өнер додасына Алматы, Астана, Қызылорда, Қарағанды, Ақтау, Жаңаөзен, Ақтөбе, Қостанай, Түркістан, Петропавл, Орал қалаларынан барлығы он алты жыршы-термеші қатысып, бақ сынады.
Фархат Оразов байқаудың бірінші кезеңінде Кердері Әбубәкірдің насихат сөздерін, Ақтан Керейұлының «Қазақтың салты», Махамбеттің толғауын орындап берді. Екінші кезеңде байқау талабы бойынша Арқа өңірі жырауларының туындыларына кезек келді. Бұл жолы Фархат Үмбетей жыраудың «Абылай ханға Бөгенбай батырдың өлімін естіртуі» деген толғауын, сондай-ақ дастан айтудан «Қарасай-Қазиды» қазылар алқасы мен көрермендер назарына ұсынды.
Байқау қорытындысында қызылордалық Майра Сәрсенбаева бас жүлдені еншілесе, бірінші орын Ф.Оразовпен бірге астаналық Бағдәулет Толыбековке де берілді.
Айта кетейік, Ф.Оразов өткен жылдан бері бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаз-жүлдегері атанған болатын.