Батысқазақстандық балғын спортшы халықаралық жарыстан олжалы оралды

ОРАЛ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батысқазақстандық балғын дзюдошы Тоқтар Үмітәлиев халықаралық бәсекеден алтын медаль иеленіп қайтты.

Батысқазақстандық балғын спортшы халықаралық жарыстан олжалы оралды

Ресейдің Пермь аймағының Чернушка қаласында өткен дзюдодан ІІІ халықаралық ашық турнирге РФ, Беларусь, Украина, Қазақстанның 1997-1999 жылы туылған спортшылары қатысқан.

-Турнирде 34 келі салмақпен алты жекпе-жекке қатыстым. Тәжірибе жинақтап, көрші елден жақсы әсерде оралдым, - дейді Тоқтар.

Он үш жасар спортшы Оралдағы жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде төрт жылдан бері дзюдомен шұғылданып келеді.