Батысқазақстандық боксшы бүкілресейлік турнирде қола жүлдегер атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мәскеу түбіндегі Ивантеевка қаласында Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Николай Хромовтың жүлдесі үшін бокстан өткен ХV ашық бүкілресейлік турнирде батысқазақстандық Нұрсұлтан Нұриденов қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Батысқазақстандық боксшы бүкілресейлік турнирде қола жүлдегер атанды

Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттан түскен мәліметке қарағанда, Ресей қалалары мен аймақтарынан, сондай-ақ Қазақстаннан боксшылар қатысқан айтулы додада Нұрсұлтан 48 кг салмақта жүлдегерлер қатарынан көрінді. Оның бапкері - Ернар Нұриденов.

Айта кетейік, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі мәрте КСРО чемпионы, 1971 жылғы Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері Николай Хромов бапкерлік жолда да үлкен табыстарға қол жеткізген. Ресей құрамасын жаттықтырған ол 2009 жылы халықаралық бокс қауымдастығының  (AIBA) шешімімен жылдың үздік жаттықтырушысы болып танылған. Н.Д.Хромов 7 қараша күні 70 жасқа толды.