Батысқазақстандық депутаттарға ҚР Парламенті Сенатының марапаты тапсырылды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына сүбелі үлес қосқаны үшін батысқазақстандық үш депутатқа ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамоталарын табыс етті.

Батысқазақстандық депутаттарға ҚР Парламенті Сенатының марапаты тапсырылды (ФОТО)

Марапат өңірге танымал кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Ақсерік Әйтімовке, сондай-ақ Жаңақала аудандық мәслихатының депутаты Рухолла Саматов пен Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Әнуарбек Ғалымовқа берілді. Олардың қай-қайсысы да ұзақ жылдар бойы халық қалаулысы ретінде елге қызмет етіп келеді.

Айта кетейік, «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Ақсерік Әйтімов оған қоса 24 желтоқсан күні «Зеленов ауданының құрметті азаматы» атанды. Өңірдің өркендеуіне атсалысып келе жатқан А.Әйтімов осы ауданның түлегі ретінде түрлі шараларды қолдап, демеушілік танытып отырады.