Батысқазақстандық дзюдошылар халықаралық жарыста жүлдегер атанды
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш турнирге Өзбекстан, Ресей, Грузия және Қазақстан елдерінен палуандар қатысып, бақ сынады. Жарыс қорытындысында Ерназар Хамзин 90 кг салмақта қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ 100 кг салмақта Темірлан Көлбай күміс медальға ие болса, Олжас Сүлейменов үшінші орынға көтерілді. Оларды дзюдодан БҚО құрамасының аға бапкері Сайын Ерғалиев жаттықтырады.
Алдағы уақытта аталған дзюдошылар Ресейдің Орынбор қаласында өтетін Еуропа кубогына қатыспақшы.
Еске сала кетейік, таяуда Е.Хамзин мен Т.Көлбай қазақ күресінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін дәстүрлі «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық кезеңінде озық шығып, Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін республикалық сайысқа жолдама алған болатын.