Батысқазақстандық ескекшілер Азия чемпионатында төрт жүлдеге ие болды

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батысқазақстандық ескекшілер байдарка мен каноэдан Самарқандта өткен Азия чемпионатында табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандық ескекшілер Азия чемпионатында төрт жүлдеге ие болды

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, жасөспірімдер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Ділнәз Алмағамбетова мен Антонина Казанина үздіктер қатарынан табылды.

Д.Алмағамбетова төрт кісілік байдаркада 500 метрлік қашықтықта алтыннан алқа тақты. 200 метрден екі кісілік байдаркада күміс жүлдеге ие болды.

А.Казанина екі кісілік байдаркада 500 метрден күміс, осы қашықтықта жекелей сында қола жүлдені еншіледі.

15 елден 300-ден астам спортшы қатысқан Азия чемпионаты барысында ескекшілер 18, 23 жасқа дейінгілер арасында сынға түсті. Сондай-ақ параканоэ біріншілігі өтіп, ересектер арасында Азия кубогы да сарапқа салынды.

Айта кетейік, байдарка мен каноэ спорты Батыс Қазақстанда жақсы дамыған. Оралдық Александр Акунишников 1986 жылы әлем чемпионы атанса, соңғы жылдары оның шәкірттері, Азия ойындарының жеңімпаздары Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев ересектер арасында халықаралық додаларда жақсы табыстарға қол жеткізіп жүр. Олардың ендігі мақсаты - 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға жолдама алу.