Батысқазақстандық ғалым ЖОО-ның үздік оқытушысы атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті машина жасау факультетінің кафедра меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Нұргүл Әділова 2016 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының грант иегері атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Батысқазақстандық ғалым ЖОО-ның үздік оқытушысы атанды

Жоғары оқу орнын инженер-жолшы мамандығы бойынша бітірген Нұргүл Болатқызы аталмыш университетте 2002 жылдан бері ұстаздық етіп келеді. Алдымен машиналарды пайдалану және өмірлік қызмет қауіпсіздігі кафедрасында еңбек еткен ол 2007 жылы құрылыс және құрылыс материалдары кафедрасына ауысты. 2013 жылдан бері кафедра меңгерушісі қызметін атқарып келе жатқан жас ғалым осы кезге дейін сексеннен астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбек жарияласа, соның екеуі - монография, өнертапқыш ретінде бес авторлық куәлігі, 1 инновациялық патенті бар. 2009 жылы Батыс Қазақстан облысының жас үздік ғалымы атанса, 2010 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Халықаралық, республикалық байқауларға да қатысып, жүлдегер атанумен бірге тәжірибе жинақтап үлгерген Нұргүл Әділованың соңғы үш жылда 11 магистр даярлағаны және бар.
null  

«Жаңа жыл алдында елдің үздік оқытушылары қатарына ілігуім, әрине, жақсы жаңалық болды. 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің республикалық оқу-әдістемелік кеңесі ұсынған «Құрылыс материалдарын ғылыми зерттеу негіздері» атты оқу құралын жарыққа шығарғым келеді. Сонымен қатар Қазақстанның ғылыми журналдарында, алыс-жақын шетелдерде ғылыми-зерттеу жұмыстарымның нәтижесін көрсеткім келеді. Оған қоса шетелдердегі жетекші ЖОО-ларда біліктілігімді одан сайын жетілдіре түссем деймін», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Н.Әділова.
null  

Айта кетейік, аталмыш байқауға республикадағы 88 ЖОО-дан 444 үміткер қатысып, соның 200-і жеңімпаз атанған. Бұл грант осы оқытушыларға әлемнің жетекші университеттерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазу және біліктілігін арттыру мақсатында тағылымдамадан өтулеріне мүмкіндік береді.
null