Батысқазақстандық каратэшілер халықаралық турнирде 5 «алтын» алды

«Kazakhstan Open 2017» халықаралық турниріне Қазақстан өңірлерімен қатар Ресей мен Қырғызстаннан 450 спортшы қатысып, бақ сынады. Сегіз жасар және одан жоғары балалар арасында киокушиннің бірнеше федерацияларынан үміткерлер чемпиондық атақ үшін таласты. 12 жастан жоғарылар арасындағы ката бойынша жарыс та тартысты өтті. Ерлер арасындағы тамешивари (тақтай сындыру) сыны нағыз айқасқа айналды.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнир қорытындысында БҚО құрамасы 5 алтын, 7 күміс және 2 қола жүлдені жеңіп алды. Әсіресе, 60 кг салмақта әйелдер арасында Эльнара Тоғызбаева, сондай-ақ 14-15 жастағылардан Нұргүл Сапарова (50 кг), Ескендір Жомарт (8-9 жас, 30 кг) топ жарды. Исламбек Ақберлин (10-11 жас) мен Қарақат Асылбекқызы (8-9 жас) абсолютті салмақта үздік атанды.
Турнир барысында жыл қорытындылары бойынша үздіктер аталымдар бойынша марапатталды. Соның ішінде батысқазақстандық филиал республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясының үздік филиалы атанды.
«Жыл қорытындысымен осындай жүлде алуым барша батысқазақстандық каратэшілердің табысы деп ойлаймын. Халықаралық додаларда атой сала алатынын тағы бір мәрте дәлелдеген шәкірттер тәрбиелеп жүрген жаттықтықтырушыларға да алғысымды айтамын», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне филиал жетекшісі Солонго Исхан.
Айта кетейік, турнирде үздік спортшылар да марапатталды. Кіші жастағылар арасынан Айбек Аманов пен Жанель Едлипова, жасөспірімдерден Максим Васильев пен Софья Картавцева, жастардан Жандос Тұяқов пен Мәдина Сауытова, ерлер мен әйелдерден Темірлан Жәнібеков пен Аяулым Мұратова үздік атанды.