17:40, 20 Қараша 2022 | GMT +5
Батысқазақстандық көкпаршылар сайлауға салт атпен келді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Сырым ауданындағы «Сырым батыр» көкпар командасының мүшелері сайлауға салт атпен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Команда капитаны Төлеби Қайыржановтың айтуынша, олардың басым көпшілігі Өлеңті ауылында тұрады.
Өздері №293 сайлау учаскесіне бірдей киім киіп, салт атпен баруды ұйғарған.
«Қазақ қоғамы соңғы кезде рухани жаңғыру, ата-баба салтын берік ұстануға бет бұра бастады. Алаш баласы атқа қонбай, рухтанып, жігерлене алмайды. Соның ішінде Күнбатыс Алашордасы ту тіккен Сырым өңірінде ат спортының кең қанат жайғаны керек. Жаңа Қазақстанға да байырғы тұрмысымыз, салт-дәстүрімізді жаңғырта баруымыз қажет. Осындай бірлігі бекем, тақымы мықты елдің ертеңіне неге сенбеске! Біз де өз даусымызды сол үшін бердік», деді Төлеби Қайыржанов.
«Сырым батыр» көкпар командасы облыстық жарыстарда жүлде алып жүр. Оның үстіне Төлебидің өзі ауылдың бүкіл баласын ақысыз атқа мінуге үйретті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО сайлаушыларының дауыс беруге отбасымен келіп жатқанын жазған болатынбыз.