Батысқазақстандық қол күресі шеберлері ел біріншілігінде жүлдегер атанды
Гір спорты мен қол күресінен БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Мұрат Ибатовтың айтуынша, еліміздің ең мықты спортшылары бас қосқан тартысты бәсекеде Кенжеқыз Қаупенова 65 кг, Әсел Жұмағамбетова 80 кг салмақта қола жүлдеге ие болды.
«Жалпы, облыста аталмыш спорт түрі жақсы дамып келеді. 2014 жылы Оралдағы №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде арнайы бөлім ашылып, сонда дайындалған қол күресі шеберлері көп ұзамай республикалық жарыстарда топ жара бастады. Бір жылдан кейін Артур Шерғалиев жетекшілік ететін облыстық гір спорты және қол күресі федерациясы құрылды. Қазіргі кезде өңірде мыңға жуық адам осы спорт түрімен айналысуда, оларды отыздан астам бапкер жаттықтыруда. Мықты спортшылардың көпшілігі - ауылдан шыққандар, яғни аудандарда да білікті мамандар жұмыс жасауда. Биылғы бір жетістік, Алматыда өткен ел чемпионатында Қайсар Қабылов пен Кенжеқыз Қаупенова алдағы күзде Венгрия елінде жастар арасында өтетін әлем біріншілігіне жолдама алған болатын. Енді екеуі осы додаға да дайындалады», - деді М.Ибатов.