Батысқазақстандық қос жеңіл атлет ел біріншілігінде жүлдеге ілікті

Осы жарыс барысында ел кубогы да сарапқа салынды. Еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық спортшы бақ сынаған біріншілік нәтижесінде найза лақтырудан оралдық екі спортшы жүлдеге ілікті.
Спорттың осы түрінен Гүлзада Хабиева күмістен алқа тақса, ел біріншілігінің бірнеше дүркін жүлдегері Артем Пристаж бұл жолы қоланы қанағат тұтты.
Қос жүлдегер де - Оралдағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі. Қазақстанның ІІІ жазғы спартакиадасының чемпионы Г.Хабиева биыл Алматыдағы спорт академиясына оқуға түссе, Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері А.Пристаж өзіміздің БҚМУ-дың дене тәрбиесі факультетінің студенті атанды.
Таяу жылдары халықаралық байрақты бәсекелерде олжа салады деп жүрген қос спортшыны Сергей Скакунов пен Иван Мироненко жаттықтырады.