Батысқазақстандық «Назерке» үлгілі би ансамблі Алматыда өткен байқауда бас жүлдені жеңіп алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақсай қаласындағы «Назерке» үлгілі би ансамблі Алматы қаласында өткен балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Сырым бар жүрегімде» атты республикалық байқаудың бас жүлдесін иеленді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Өнердің бірнеше түрінен өтетін дәстүрлі байқауда республика өңірлерінен барған жас дарындар жас ерекшеліктеріне қарай бақ сынады. Батыс Қазақстан облысы атынан сынға түскен, Айнұр Мұқанғалиева жетекшілік ететін «Назерке» ансамблі 9-10 жастағы қыздар арасында қазіргі заманғы биді әдемі орындап, бас жүлдені жеңіп алды. Оған қоса ансамбль 10-12 жастағылар арасында бірінші орынды еншіледі. Ал «Назеркенің» бишісі Алина Каюбалиева 9-10 жастағылар арасында жекелей сында екінші орынға көтерілді.
Айнұр Мұқанғалиеваның айтуынша, өзі талапты балаларға би үйретумен 25 жылдан бері айналысып келеді. Ал «Назерке» ансамбліне 20 жыл толды. Бұл жолы Алматыға 9-10 жастағы 4-сынып оқушылары барды. Олардың бимен айналысқанына төрт жылдай уақыт болды.
«Назерке» би ансамблі бұдан бұрын да көптеген халықаралық, республикалық байқаулардан жүлдемен оралып жүр», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Бөрлі аудандық демалу орталығының директоры Абдул Рахметов.