Батысқазақстандық оқушылар республикалық олимпиададан олжалы оралды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Дарынды балаларға арналған №11 облыстық қазақ мектеп-интернаты кешенінің шәкірттері Қазақстан тарихы пәні бойынша Бурабайда өткен республикалық ХІІ «Тарих ата» олимпиадасынан олжалы оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аталмыш мектептен түскен мәліметке қарағанда, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған пәндік олимпиаданың онлайн режимінде өткен бастапқы іріктеу кезеңіне еліміз бойынша барлығы 1239 оқушы қатысқан болатын. Солардың ішінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, үздік шыққан 148-і республикалық «Балдәурен» лагеріне шақыртылды. Солардың қатарында тоқсан жылдан астам тарихы бар байырғы мектептің 7-сынып оқушылары Орынбай Мұқтар, Елжас Мұқамбетжанов, Әли Ризуановтар (ұстаздары, тарих пәнінің мұғалімі Асқар Әлмұқанов) бақ сынады. Сөйтіп, негізгі кезең қорытындысы бойынша О.Мұқтар мен Е.Мұқамбетжанов екінші, Ә.Ризуанов үшінші орынға ие болды.