Батысқазақстандық оқушылар республикалық олимпиададан жүлдемен оралды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық оқушылар Ақтау қаласында гуманитарлық пәндер бойынша өткен республикалық пәндік олимпиададан жүлдемен оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінен түскен мәліметке қарағанда, осы білім ордасынан барған 11-сынып оқушылары Раушан Сапар мен Айнұр Наукенова қазақ тілі мен әдебиетінен сәйкесінше екінші және үшінші орынды еншіледі. Олардың екеуінің де ұстазы - Динара Имашева. Сондай-ақ Аружан Абдолова ағылшын тілінен, Перизат Ғұмарова құқықтан алғысхатқа ие болды.
Сонымен қатар облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының шәкірттері де құр қайтқан жоқ. Мектеп директорының бағдарлы пәндер жөніндегі орынбасары Айгүл Кенжеғалиеваның мәлім еткеніндей, 11-сынып оқушылары Лара Болатова (жетекшісі Айнұр Шадығалиева) екінші, Ақмарал Әубәкірова (ұстазы Азат Жексенов) үшінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, бұл қос мектеп ҰБТ-да жыл сайын жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.