Батысқазақстандық өрт сөндіруші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық өрт сөндіруші Андрей Сурко «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандық өрт сөндіруші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ҚР ІІМ ТЖ комитетінің сегіз құтқарушысы мен өрт сөндірушісі әскери және қызметтік міндеттерін адал орындағаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 27 сәуірдегі № 671 Жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекетік наградаларымен марапатталды.

Кеше ҚР ІІМ ТЖ жөніндегі комитетінде Отан қорғаушы күніне және Жеңістің 73 жылдығына арналған салтанатты жиында Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин төрт өрт сөндірушіге мемлекеттік наградаларын табыс етті. Солардың ішінде БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі №2 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі А.Сурко бар.

Бұдан бір жыл бұрын, 2017 жылы 5 мамыр күні Орал қаласындағы 5 қабатты үйде өрт болды. Өрт сөндірушілер келіп жеткенде, отқа оранған №43 пәтерде 1936 жылғы қарияның қалғаны белгілі болды. Азаматтық қорғау прапорщигі А.Сурконың басшылығымен бөлімше 82 жасар зейнеткерді қауіпсіз жерге алып шықты. Барлығы 30 адам шығарылса, соның екеуі - 3 және 4 жастағы балалар. Пәтер иелеріне көп шығын келтірілмей, өрт те тез ауыздықталды.

Сол секілді 19 шілде күні Оралда тағы бір 5 қабатты үйде болған өрт кезінде әйел мен оның 5 және 7 жасар балалары, көрші пәтерден зейнеткер, бірінші топ мүгедегі құтқарылды. А.Сурконың кәсіби іс-әрекеті мен батыл қимылы нәтижесінде оқиға орнынан 6 адам (екеуі - балалар) құтқарылып, 12 адам қауіпсіз жерге шығарылды.

«Андрей Антоновичтің өзгелерге үлгі боларлық басқа да ерліктері аз емес. Ол сонымен қатар жас қызметкерлерге тәлімгер болып, өзінің білім-білігі, бай тәжірибесімен бөлісіп келеді», - деді баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанова.