Батысқазақстандық палуан Е.Ларионова Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық палуан Екатерина Ларионова Дохада өтіп жатқан Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Ол 63 келі салмақта солтүстіккореялық қарсыласын 7:2 есебімен ұтты.
Айта кетейік, кішкентайынан әкесі Алексей жаттықтырып келе жатқан Е.Ларионова 2011 жылы кадеттер арасында Азия, әлем біріншіліктерінде топ жарған болатын. 2013 жылы ересектер сапында да өнер көрсеткен Екатерина Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. 2014 жылы жастар арасында Азия біріншілігінің жеңімпазы атанған ол биыл Минск қаласында үш мәрте Олимпиада чемпионы Александр Медведьтің жүлдесі үшін ересектер арасында халықаралық Гран-при турнирінде күміс жүлдені еншілеген еді. Екатерина қызымыз - Рио-де-Жанейрода 2016 жылы өтетін Олимпиадаға барудан басты үміткерлердің бірі.