Батысқазақстандық палуандар республикалық турнирде жүлдегер атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласында грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында ҚР спорт шебері, «Айбын» орденінің иегері Ақылбек Мусинді еске алуға арналған ашық республикалық турнирде батысқазақстандық палуандар жүлдегер атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Палуандардың бапкері Артур Үмбетқалиевтің айтуынша, Елжас Самиғоллин 54 кг салмақта чемпиондық атаққа қол жеткізді. Сондай-ақ Досжан Өтепқалиев (54 кг) пен Санжар Лекеров (58 кг) қола жүлдеге ие болды.
Алдағы жылға Қазақстан ұлттық құрамасына үміткерлерді іріктеу мақсатында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің оншақты өңірінен палуандар қатысып, бақ сынады.
Айта кетейік, Артур Үмбетқалиевтің өзі кезінде грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпионы атанған болатын.