Батысқазақстандық прокурорлар журналистерге арнап ән айтты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай БҚО прокуроры Сапарбек Нұрпейісов өңір журналистерін төл мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«БАҚ қызметкерлерін елдің көзі, құлағы, бет-бейнесі деуге болады. Өйткені мемлекетте атқарылып жатқан құқықтық реформалар, барлық жұмыстар халыққа журналистер арқылы жетеді. Былайша айтқанда, БАҚ халық пен мемлекеттік органдар арасындағы көпір іспеттес. Сондықтан қарапайым ақпараттан бастап терең талдауларға құрылған мақалаларға дейін елеусіз қалмайды. Еліміздегі прокуратура саласында да көптеген өзгеріс-жаңалықтар болып, тың жобалар қолға алынып жатыр. Сондықтан БҚО прокуратурасы журналистермен ашық және жария түрде жұмыс жасауға әркез дайын. Қазіргідей кезеңде әр ақпараттың қолжетімді болуы маңызды. Осы орайда жуырда БҚО прокурорының жұртшылық және БАҚ-пен байланыс жөніндегі көмекшісі лауазымын енгізу ойластырылуда», - деді облыс прокуроры.
Бұдан кейін Сапарбек Айтуұлы республикалық және өңірлік БАҚ өкілдеріне алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Бұл жиынның бір ерекшелігі, прокуратура қызметкерлері журналистер үшін концерт қойды. Ән салып, өлең оқыған, би билеген прокурорларға БАҚ өкілдері ризашылығын білдірді. 