Батысқазақстандық самбошы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ресейдің Сочи қаласында ерлер мен әйелдер арасында самбодан өтіп жатқан әлем чемпионатында батысқазақстандық Темірлан Ихсанғалиев қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Батысқазақстандық самбошы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды



Әскери самбодан 82 кг салмақта күрескен Темірлан бірінші айналымда ресейлік Алексей Ивановтан 7:3 есебімен басым түсті. Содан кейін чехиялық палуанды ұтқанымен, ширек финалда беларусь Евгений Алексиевичке аса тартысты бәсекеде 2:3 есебімен жол берді. Бұл белдесуде төрешілер қарсыласына ескерту бергенде, Темірлан ұтатын еді. Бұдан кейін Е.Алексиевич финалға өткендіктен, қазақстандық палуан қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. Соңғы екі қарсыласын да мерзімінен бұрын тізе бүктірген Т.Ихсанғалиев осылайша үшінші орынға ие болды.

Ал Е.Алексиевич финалда оңтүстіккореялық Сео хеон КО-дан ұтылып қалды. Сөйтіп оңтүстіккореялық спортшы өз елінің тарихында тұңғыш рет самбодан әлем чемпионы атанды. Осы біріншілікте қырғыз, тәжік палуандарының да әлем чемпионы атанғандығын ескерсек, бұл самбо спортының дүниежүзінде кең таралып келе жатқандығын көрсетеді.



Айта кетейік, батысқазақстандық Темірлан Ихсанғалиев әскери самбодан осымен төртінші мәрте әлем чемпионатының жүлдегері атанып отыр. 74 кг салмақта 2009 жылы Грекияның Салоники қаласында өткен дүниежүзілік додада қолаға қол жеткізсе, 2015 жылы Марокконың Касабланка шаһарында екінші орынға көтерілді. Ал өткен жылы Болгария астанасы Софияда 82 кг салмақта тағы бір қола медальді жеңіп алған болатын. Оған қоса Темірлан - қоян-қолтық ұрыс пен аралас жекпе-жектен де талай додадан олжалы оралып жүрген спортшы.