Батысқазақстандық самбошылар Минскіде өткен турнирде табысты өнер көрсетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Минск қаласында самбо күресі мен әскери самбодан Беларусь Президентінің жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирде батысқазақстандық самбошылар табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Батысқазақстандық самбошылар Минскіде өткен турнирде табысты өнер көрсетті



БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Ресей, Украина, Беларусь, Румыния, Грузия, Түркменстан және Қазақстан елдерінен мықты палуандар қатысқан айтулы додада спорттық самбодан Болатбек Райымқұлов 52 кг салмақта чемпион атанып, алтыннан алқа тақты. Ал Бағдат Жарылғасов (62 кг) пен Гауһар Сағадат (68 кг) қола жүлдені иеленді. Әскери самбодан 62 кг салмақта Қазбек Сұпығалиев күміс, Шыңғыс Қажиақбаров қола медальді жеңіп алды. Палуандарды Қазбек Ибрашев пен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райбек Меңдіғалиев баптайды.

 

Айта кетейік, осы жарыста сондай-ақ Қазақстаннан барған Бағлан Ибрагим (52 кг), Есет Қуанов (62 кг), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг), Динара Жұмабаева (64 кг), Гүлнұр Ерболова (52 кг), Мақат Нұралиев самбодан қола жүлдені еншіледі. Ал әскери самбодан Руслан Аушев (+100 кг) чемпион атанды.