Батысқазақстандық шахматшы әлем чемпионатына жолдама алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық шахматшы Жанат Сайын биыл күзде Италияда жастар арасында өтетін әлем біріншілігіне жолдама алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Жанат жуырда Астана қаласында 20 жасқа дейінгілер арасында өткен ел чемпионатында классикалық шахматтан жеңімпаз атанды. Барлығы 14 команда құрамында 61 шахматшы қатысқан додада тағы бір батысқазақстандық Айсезім Мұхит блицтен екінші орынды иеленді. Олардың екеуі де - Орал қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері.
Жаттықтырушы Валерий Миннің айтуынша, енді Жанат Сайын дүниежүзілік додаға дайындалатын болады.
Айта кетейік, Жанат Сайын 2015 жылы Таиландтың Паттайя қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер (оқушылар) арасындағы шахматтан әлем чемпионатында абсолютті жеңімпаз атанған еді.