Батысқазақстандық шорт-трек бапкері еңбек сіңірген жаттықтырушы атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының бұйрығымен батысқазақстандық шорт-трек бапкері Максим Лозовойға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, 2016-2017 жылғы маусымда қазақстандық шорттрекшілердің әлем кубогы кезеңдерінде, ХХVІІІ қысқы Универсиада мен VІІІ қысқы Азия ойындарында табысты өнер көрсеткені белгілі. Соның ішінде Максим Лозовойдың да төл шәкірттері бар. Атап айтқанда, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1998 жылғы Анита Нагай көптеген табыстарға қол жеткізді. Әуелі 2013 жылы Шанхай қаласында Азия кубогында үшінші орынға ие болса, сосын 2016 жылы Гразда (Австрия) Еуропа біріншілігінің күміс және қола жүлдегері атанды. Содан кейін Норвегияның Лиллехаммер қаласында жасөспірімдер арасында олимпиада ойындарының, 2017 жылы Алматыда өткен қысқы Универсиаданың, Саппородағы (Жапония) қысқы Азия ойындарының қола жүлдесін еншіледі. Сол секілді Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері, 1997 жылғы Нұртілек Қажығали мен Анита Нагайдың құрдасы Әділ Ғалиахметов осындай дүниежүзілік додаларға қатысып, тәжірибе жинақтады. Бұлардың үшеуі де болашағынан үлкен үміт күттіреді.
1983 жылы Зеленов ауданы Көшім ауылында дүниеге келген Максим Лозовой - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті дене шынықтыру және спорт факультетінің 2004 жылғы түлегі. Еңбек жолын Көшім орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады. Ал 2007 жылдан бері мұз спорт сарайы балалар-жасөспірімдер мектебінде және спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатында шорт-тректен жаттықтырушы қызметін жемісті атқарып келеді.
Еске сала кетейік, биылғы жылы бұған дейін осындай құрметті атақты еркін күрестен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Нұрлан Бекжановты баптаған тағы бір батысқазақстандық Асқар Сәукелин де иеленген болатын. 

